«КІТАП ӘУЕСҚОЙЫ» ЖОБАСЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ.
Бүгін мектеп мұғалімдерінің қызыға қатысып, үлкен құлшыныспен атсалысқан «Кітап әуесқойы» жобасының жеңімпаздары марапатталып, арнайы сыйлықтарға ие болды. Екі ай көлемінде жүзеге асқан бұл жоба мұғалімдер арасында оқу сауаттылығын қалыптастырып жетілдіруге, оқуды насихаттауға бағытталған болатын. Осы жоба аясында біздің әріптестеріміз Бақытжан Бұқарбайдың «Күміс кітабын», М.Жұмабаевтың «Педагогикасы», башқұрт жазушысы Айгиз Баймұхаметовтың керемет шығармасы «Тастамашы, ана!» кітабын, Джон Кехоның «Түйсігіңмен ойлай біл!», Б.Момышұлының «Ұшқан ұясын», С.Көбеевтің «Мен оқытушы», О.Бөкейдің «Атау-кересін» және Г.Петровтың «Мінсіз мұғалімін» оқып, әр дүйсенбі сайын өтетін оқырмандар конференциясында талқылап, өзара пікірлер алмасты. Міне, осы бір айтулы жобалардың бірі өз мәресіне жетіп, бүгін белсене қатысқан және ұсынылған кітаптарды түгел оқыған ең үздік оқырмандар арнайы сыйлықтармен марапатталды. Атап айтар болсақ, математика пәні мұғалімі Бектұрсынова Ұмсынай Жандарбекқызы, биология пәні мұғалімі Орайханова Анар Темірханқызы және ағылшын пәні мұғалімі Арынова Мақпал Мұратқызы «Кітап әуесқойы» жобасының жеңімпазы деген жазуы бар мүсіншеге (статуэтка) ие болса, тарихшы Ракымбекова Нуршат Кахармановна, ағылшын пәні мұғалімі Құрбанбай Балжан Тәжібайқызы, география пәні мұғалімі Арзикулова Гүлмира Азкенқызы және директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Әлімжан Дархан Мұхитұлы «Кітап әуесқойы» жобасының үздік оқырманы деген жазуы бар медальдарға ие болды. Басқосуға жиналған мұғалімдер жобаның өте керемет өткендігін сөз етіп, алдағы уақытта да қайта өткізу керектігін айтып жатты. Қазақ тілі мен әдебиеті пәндері кафедрасының онкүндігі осылайша қорытындыланып, аталмыш жоба өз мәресіне жетіп, көптеген игілікті іс-шаралармен аяқталды. Мектеп директоры Қасымова Айжан Тойбекқызы бірлестік мүшелеріне ризашылық сезімін білдіріп, шығармашылық табыстар тіледі.