ГРИГОРИЙ ПЕТРОВТЫҢ КІТАБЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ.
Бүгін апта сайын өтетін оқырмандар конференциясының соңғы кітабы талқыға түсті. Бұл жолы оқырмандар талқысына Григорий Петровтың «Мінсіз мұғалім» атты кітабы ұсынылды. Жалпы бұл кітап көлем жағынан шағын болса да, идеяға өте бай, педагогтар үшін аса пайдалы еңбек болып саналады. Атақты ғалым, профессор Рачинскийді басты қаһарман етіп алған аталмыш шығарма тек ұстаздық жолға жаңадан түскен жас мамандар үшін ғана емес, сонымен бірге тәжірибесі мол, білім-білігі жетерлік педагогтарға да ой салатын аса құнды еңбек. Кітапта баяндалатын ұстаздық принцип, мамандыққа деген адалдық, ізгілікке бағытталған мақсат негізінде қай уақытта болмасын, жоғары саналатын құндылықтар. Міне, бүгін қазақ тілі мен әдебиеті пәндері бірлестігінің жетекшісі Ахметова Хабира Берікболқызы оқырмандар конференциясын ашып, Григорий Петровтың еңбегі туралы ойларын ортаға салып, оқырмандардан тест алып, қызықтырып жүргізіп отырды. Кітаптағы бөлімдерді мұғалімдермен бірлесе талқылап, олар өз пікірлерін айтып, «Мінсіз мұғалім- қандай мұғалім?», «Кітаптағы ең басты идея неде?», «Рачинскийдің ұстаздық тұлғасы несімен тартымды?» және тағы басқа сауалдар төңірегінде ой өрбітіп, өзара талқылап, ортаға салып отырды. Жалпы бүгінгі отырыс мазмұнды өтіп, оқырмандар белсенділік танытып, «Мінсіз мұғалім» деген кітаптың әрбір бала білімі мен тәрбиесімен айналысып жүрген педагогтардың жазу үстелінің үстінде тұруы керек деген тоқтамға келді. Оқырмандар конференциясының соңында барша мұғалімдер осындай керемет жобаны ұйымдастырған бірлестік мүшелеріне ризашылық сезімдерін білдіріп, бұл жоба әлі де жалғасын таба беруі керек деген ұсыныстарын айтты.
