МАҒЖАН ЖҰМАБАЕВТЫҢ «ПЕДАГОГИКАСЫ» ТАЛҚЫЛАНДЫ.
Бүгін «Кітап әуесқойы» жобасы аясында оқырмандар талқысы өтіп, жоспарға сай Мағжан Жұмабаевтың «Педагогика» зерттеу еңбегі ортаға салынды. Бұл жолғы іс-шараны өткізу қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Ахметова Хабира Берікболқызына түсіп, әріптесімізге күрделі, бірақ мұғалімдер үшін өте пайдалы кітапты талдау, оқырмандармен бірге талқылау міндеті тұрды. Іс-шараға қатысқан мұғалімдерден алдымен тест тапсырмасын алып, тренинг өткізіп, кейінірек зерттеу еңбегіне байланысты пікірлері тыңдалды. Жалпы 1922 жылы жазылған аталмыш кітап күні бүгінге дейін өз құндылығын жоғалтпаған, ғалымдар арасында жоғары бағасын алған құнды еңбек болып табылады. Міне, бүгінгі қызу талқыға түскен кітап төңірегінде біраз ойлар айтылып, бала тәрбиелеудегі маңызы, артықшылықтары ортаға салынды. Іс-шара бағдарламасына сай жоғары ұпай алған мұғалімдер (Куштаева Ақмарал, Жабаева Гүлбаршын, Балтабаева Аида) Мағжан ақынның кітабымен марапатталып, үздік оқырман ретінде танылса, қалған мұғалімдерге Абайдың «Қара сөздері» кітапшасы табыс етілді. Өте жоғары деңгейде өткен, танымдық маңызы зор болған оқырмандар талқысы кофе-брейкпен жалғасып, жақсы көңіл-күймен аяқталды.
Жалпы бұл жоба ізгі іс-шара ретінде өзге мектептер арасында да қолға алынып, жүзеге асырылып жатса, бұл педагог мамандардың алдымен білім-танымын көтеріп, кітап оқуға деген құштарлықтарын қалыптастырып қана қоймай, сонымен бірге береке-бірліктерін бекемдеп, ұйымшылдықтары мен ауызбіршіліктерін арттыруға, мектепте жылы ахуал орнатуға көп септігін тигізер еді. Ал біз өз тарапымыздан керемет іс-шараны өткізген Хабира Берікболқызына алғыс сезімімізді білдіре отырып, игі істеріне сәттіліктер тілейміз.
