Кітап оқуға арналған кеңестер
КІТАП ОҚИ АЛМАЙТЫНДАРҒА 5 КЕҢЕС!
Кітап оқығанды ұнатсаңыз, алайда күйбең тіршіліктен сүйікті ісіңізге бос уақыт таппай жүрсеңіз, төмендегі кеңес сізге арналған.
1. Кітапты өзіңізбен бірге алып жүріңіз
Көптен бері оқығыңыз келіп жүрген кітапты өзіңізбен ұстаңыз. Қолыңыз босаған сәтте бір-екі бет болсын, оқып үлегересіз. Жұмыста түскі ас уақытында немесе үйге қайтар жолда кітап сенімді серігіңізге айналады. Бастысы өзіңізге ұнаған әрі қызықты кітап болсын.
2. Кітап оқуға арнайы уақыт бөліңіз
Жұмыс тәртібіңізге, бос уақытыңызға қарай кітап оқуға бірер сағатты бөліңіз. Мысалы, ұйықтар алдында жарты сағат, таңертең 15-20 минут деген сияқты. Бір күнде 100 бетті оқимын деп өзіңізді әурелемеңіз. Аз-аздап, бірақ түсінікті оқыңыз.
3. Әлеуметтік желі мен ойынға жұмсаған уақытыңызды кітапқа арнаңыз
Әлеуметтік желі мен ойындар - уақыттың қас жауы. Бәріміз мұны білсек те уақытымыздың басым бөлігін ойын ойнаумен, әлеуметтік желіні ақтарумен өткіземіз. Уақытша болсын әлеуметтік желі, ойын, сериалдан бас тартыңыз. Оның орнына кітап оқуға дағдыланыңыз.
4. Кітап көз алдыңызда болсын
Көп уақытыңызды өткізетін бөлмеге оқығыңыз келген кітапты апарып қойыңыз. Мысалы, өзіңіздің бөлмеңізге, компьютер үстеліне, ваннаның жанына. Бұл тәсіл кітапты үнемі көз алдыңызда ұстауға
көмектеседі.
5. Достарыңызбен бірге кітап оқыңыз
Кітапты жалғыз емес, достарыңызбен бірге оқыңыз. Пікір таластырып, өз ойыңызбен бөлісіңіз. Жарысыңыз. Бұл сіздің кітап оқуға деген қызығушылығыңызды арттыратыны сөзсіз.
Уақыты тым аз, қолынан телефоны түспейтіндер үшін - электронды немесе телефонға арнайы жасалған кітаптарды ұсынамыз. Кез келген уақытта телефоныңыздан қажетті кітапты оқуға мүмкіндік болады.
Кітапты жылдам оқу әдісін меңгеріңіз де, бәріне үлгеріңіз!
Әрбір адам жиі болмаса да аптасына 1-2 рет қолына кітап алады. Қаланың күйбең тіршілігі жар бермей, кітапқа қарайтын уақыттың тапшылығын жоққа шығара алмаймыз. Десе де, нағыз кітаптың жанашыры немесе өзін шын оқырманмын деп есептейтін адам басқа-басқа, дәл осы кітап оқуға міндетті түрде уақыт табуға тырысады. Ақпарат алудың жаңа жолдары пайда болса да, адамзаттың кітапқа деген құрметі төмендемек емес.
Бәрінің де жылдам оқып үйренгісі келеді. Ол үшін нені білу керек? Біздің аз-кем кеңесімізге көз жүгірте отырыңыз. Бір кәдеңізге жарасын!
Жылдам оқу қабілетін дамыту – күрделі жұмыс. Мега жылдамдықпен оқып үйрену үшін бекітілген негізгі ережелерді ұстану қажет.
Біріншіден – езуімізді жиямыз, яғни дыбыстап оқуға болмайды. Себебі, адамның ойы сөзінен 21 есе жүйрік екендігі дәлелденген.
Екіншіден – таңбаларды саусақпен жүргізіп отыру қажет.
Үшіншіден – оқу барысында тоқтап қалуға болмайды. Оқып болған соң сөйлемдерге қайта оралудың қажеті жоқ.
Тағы бір білу керек ереже, ол – мәтінді түсінуге тырысып, мейлінше жылдам оқу.
Кітап оқыған кезде көбіміз әр сөйлемге жеке қарайды екенбіз. Миымыз назарға алып отырған сөзден 15 градус аумақтағы таңбаларды ғана қабылдай алады. Егер арнайы жаттығулар жасасаңыз бұл аумақ 35 градусқа дейін үлкейеді.
Жылдам оқу әдісін меңгерген мамандар кітаптың (парақтың) ортасына қарап-ақ сол бетте не жазылғанын біледі.
Осы секілді әдіс-тәсілдердің арқасында адамның есте сақтау қабілеті дамиды. Яғни қысқа ғана уақытта оқып шыққан кітабыңыздың мазмұнын толық түсінесіз.
Жылдам оқу әдісінің басты мақсаты да сол – біліміңізді арттыру және уақытыңызды үнемдеу. Асықпай оқу барысында адам кітапта жазылған мәтіннің 60%-ын ғана қабылдайды. Жылдам оқығанда керісінше, кітаптың 80%-ын түсінуге мүмкіндік туады. Жылдамдыққа сай ақпарат тез қабылданып, тез сіңеді. Зерттеушілер асықпай оқығанда көздің тез шаршайтынын анықтаған.
Ең негізгі құпияны айтайық. Сіз оқу барысында сөзге акцент түсіресіз бе әлде ойға ма? Мәселе осында. Егер ойға салмақ түсірсеңіз, онда кітап жылдам оқылады.
Тез оқу үшін, әрине, ең бірінші кезекте мүмкіндігінше көп оқуды қолға алу керек. Көп оқығанның жады қажетті ақпаратпен толысып, түйсігің кеңейе түсетіні анық. Кез келген саланың амалдары мен әдіс-тәсілдері бар. Тек соны дұрыс қолдана білсеңіз болғаны. Адамның қолынан келген нәрсені сіз де жасай аласыз.
Есіңізде болсын!
Бұл жетістікке бірден жете алмайсыз. Барлығы бірте-бірте, ақырындап келеді. Тек қана оқуды тоқтатпаңыз!
КІТАПТЫ ҚАЛАЙ КҮТЕМІЗ?
Адамның рухани жан азығы саналатын кітапты оқуға дағдылану әрі оның таңдап-талдап оқу қаншалықты пайдалы болса, оны асыл мұрадай сақтап, күтіп ұстау да соншалықты қажет нәрсе.
Кітап дүниеге оңайлықпен келмейді, оған да зор еңбек сіңіріледі. Сол қасиетіне орай оның бағалылығы артады.
Жақсы кітап қолдан қолға тиіп, көп ұсталуына қарай кірленіп, тоза бастайды. Кітапты мұндай күйге түсірмес үшін, аса ұқыптылықпен қарап, дұрыс пайдалану керек. Оқыған сайын кітаптың сыртқы мұқабасын қаптап, парақтағанда саусақты суламай, ептеп ашса, оқып келген жерін қайырмай, арасына қалың нәрсе қоймай, оның орнына кішкентай қағаз салып қойса, кітап көпке дейін жақсы сақталады.
Кітапты сызып, ашық жеріне жазу түртіп қою дұрыс емес. Сонымен қатар, тамақтанып, шай ішіп отырғанда кітап оқымаған жөн. Себебі, кітап парақтарына майлы зат тамып, арасына қоқым түсіп кетуі мүмкін.
Кітапты күн көзінде оқыған және сақтаған дұрыс емес. Себебі, кітап қағазы сарғайып, өңі бұзылады. Сонымен қатар, кітапты дымқыл жерде сақтауға болмайды. Бұл жағдайда кітап арасы көгеріп, парақтары бір-біріне жабысып қалады. Сондықтан да үйіңіздегі кітап сақтауға жайлы орынды белгілеп, сөрелерді сол жаққа орналастырыңыз. Мүкіндігінше кітаптарды жабық сөрелерде сақтаған жөн.
Кітапқа шаң да, әртүрлі кеміргіш құрт, қоңыз, т.с.с. жәндіктер әуес. Бірі кітап қағазын кеміріп, бүлдірсе, бірі кітап түбіндегі желімге құштар. Қай-қайсысы болмасын кітапты бүлдіріп, қағазын үгіп шаңдатады. Бұл зиянкес жәндіктер көбінесе өте тығыз және аса көп қозғалмайтын шаң басқан кітап сөрелерінде жиі кездеседі. Сондықтан да үй жинаған кезде кітап сөрелерін де сүртіп, шаңсорғышбен тазалап қоюды ұмытпаңыз. Алдымен сөредегі кітаптардың барлығын алып, әрқайсысының шаңын сүртіңіз.
Сөрелерге кітаптарды қойған кезде, оларды тығыз орналастырмаған абзал. Адам баласына ауа қаншалықты қажет болса, кітаптарға да таза ауа соншалықты қажет. Кітап сөресі тұрған бөлменің жиі-жиі терезесін ашып, ауасын тазартып тұру керек.
Егер де кітапты байқаусызда суға түсіріп алсаңыз, жылы да құрғақ,
жел қағатын көлеңкелі жерге тік күйінде, парақтарын желдеткіш (веер) тәрізді ашып, кептіріңіз. Бірақ та, кітап беттерінің бір-бірімен жабысып қалмауын қадағалаңыз.
Кітап парақтарының не мұқабасының жыртылғанын байқасаңыз, арнайы қағазбен желімдеп қойыңыз. Саусақ немесе қарындаш ізін байқасаңыз, жұмсақ шүберекпен не өшіргішпен сүртіп кетіруге болады. Кітапты неғұрлым ұқыпты пайдалансаңыз, соғұрлым оның өңі бұзылмай, ұзақ сақталады. Барлық дене мүшесіне әсер ететін үлкен миды жаттықтырудың ең тамаша тәсілі – кітап оқу. Кітап оқу жүйке жүйесін тыныштандыруда, дене-бітімді күшейтуде, әртүрлі аурулардың алдын алуда аса жоғары маңызға ие. Жақсы кітап – рухани азық.
Кітап оқудың тағы бір ерекшелігі, ол ұзақ өмір сүрудің кепілі екен. Жапония медицинасы осындай қорытынды шығарып отыр. Олардың айтуынша, ең ұзақ өмір сүретіндер – философтар, одан кейінгісі ғалымдар мен көркемөнершілер. Олар «кітап оқу – үлкен миды үздіксіз қозғалысқа салады. Кітап оқып болған соң да оның сыйлайтын әсері дене шынықтырудан кейінгі массаж секілді адамды рухани қалыпқа түсіріп отырады» дейді.
Нағыз кітапқұмардан қарапайым адам қандай сөздерді естімейді? Біле отырыңыз!
1. Кез келген мерекеге немесе туған күнге нендей сыйлық алам деп бас қатырамын.
2. Менің ішім пысады, айналысатын жұмысым жоқ.
3. Бұл өте тамаша кітап, бірақ киносы одан да жақсы.
4. Маған кітап дүкенінен ештеңе қажет емес.
5. Менде кітап өте көп.
6. Оқитын ештеңе жоқ.
7. Демалыс яки мереке күндеріне ешқандай жоспарым
жоқ.
8. Мен ұйықтауға кеттім, алғашқы тарауын оқуға уақытым жоқ.
9. Оқудан жалыққан сияқтымын.
Оқығанды қалай тез есте сақтауға болады?
Кітап оқу кезінде әр 20 минут сайын "Мен не оқып жатырмын? Не түсіндім?" деген сынды сұрақтарға жауап беру керек. Ең маңызды оқиғаларды көзге елестетіп, ұмытып қаламын деген жерлерін сызып қойыңыз.
Неліктен 20 минут?
Неміс психологы Герман Эббингауз адам жадында деректерді сақтау процесін зерттеген. Зерттеулерге сәйкес, адам алғашқы 20 минутта алған ақпараттың 40 пайызын, ал 1 сағат ішінде 60 пайызын ұмытып қалады екен. Ал бір күннен кейін деректердің тек 33-35 пайызы ғана сақталып қалады.
Егер алынған мәліметті әр 20 минутта өңдеп отырмасақ, бұл ақпараттар жадта сақталмай өшіп кетеді. Зерттеулер жадта ақпаратты жақсы сақтау үшін қайталап оқудан гөрі оны біреуге (немесе өзіңізге) баяндап берген тиімді екенін көрсеткен. Себебі сөйлеу кезінде ми ақпаратты басқа деректермен байланыстыруға тырысады. Бұл әдіс мидың мәліметті қабылдап қана қоймай, қайта өңдеуге септігін тигізеді.
Оқудың бірінші күнінің соңында оқыған ақпаратыңыздың маңызды тұстарын жазып алыңыз.
Сондай-ақ, түнде ұйықтамас бұрын жадта сақталуы керек ақпаратты қайталау пайдалы. Ми ұйқыға дейін алынған ақпаратты жақсы есте сақтайды.
Оқудың келесі күні
Мұны сериалдарда қолданылатын алгоритм көмегімен жасауға болады. Әдетте сериалдың келесі бөлімі басталмай тұрып, алдыңғысындағы оқиғалар үзік-үзік көрсетіледі. Сол сияқты кітапты жалғастырып оқымас бұрын, алдыңғы оқығандарыңызды бір қайталап алған жөн.
Кітапты оқып болған соң
Алынған ақпаратты мүмкіндігінше тезірек тәжірибеде қолдануға кірісу керек. Оларды іс жүзінде қолдану керек болмай, бірақ оқығаныңызды есте сақтағыңыз келсе, жиі-жиі кітапты қайта парақтап тұрған тиімді.
Кітап – адамзаттың ең құнды ақыл қазынасы. Жақсы кітап – жан серігі. Үнемі оқуды тоқтатпау адамды үлкен әлемге жетелейді. Біз қаншалықты көп оқыған сайын соншалықты біле түсеміз. Оқу басқа, сіңіру басқа, әрине. Дегенмен, көп оқу дағдыға айналса, оқыған дүние сіңбеуі мүмкін емес. Мүмкін емес нәрсе жоқ. Жаныңызда немесе араласатын достарыңыздың ішінде кітапты серік еткен жандар болады. Соларға қарап кейде дерт жұқтырған адам ба деп қаласыз. Анығында, ол солай.
"Кітап дертіне" шалдыққан адамның 12 белгісі бар.
1. Кітап сөресі үйінің әр бөлмесінде бар. Қай бөлмеге барсаңыз да алдыңыздан самсаған кітаптар шығады...
2. Қай дүкенге барса да кітап іздейді. Егер табылса, оқып тауысу үшін бірден бірнеше кітап сатып алады.
3. Ешқашан кітаптан ақша аямайды. Қанша қымбат боп тұрса да, көз жұмып ала салады.
4. Егер іссапарға шықса өзімен бірге толтырып кітап алады.
5. Тіпті кештерге барғанда да кітап апарады.
6. Түскі үзіліс кезінде әріптестерімен бірге болуды емес, жалғыз қалып сорпа пен кофе арасында біраз оқуды жөн көреді.
7. Соңғы айда көрген фильмдерінен гөрі оқыған кітаптары көп.
8. Автобуста да құлаққап тағып алып ән тыңдамай, керісінше кітап оқиды.
9. Шақырған жерлерге барудан бас тартады. Себебі, оқып біткен жоқ...
10. Өмірдегі адамдарға емес, кітаптағы кейіпкерлерге ғашық...
11. Кітап дүкенінде бірнеше сағаттап жүруге бар...
12. Кітаптың соңына жеткенше ұйқыны да, күлкіні де ұмытады...