18
июнь
2022
АТТЕСТАТТАРЫН АЛЫП, АЛТЫН ҰЯ МЕКТЕБІМЕН ҚОШТАСТЫ.
Бүгін міне, балалық шақпен қоштасып, үлкен өмірге жолдама алып жатқан келесі бір жас түлектерді шығарып салдық. 11- сынып оқушылары мектеп бітіргендігі туралы куәліктерін алып, мектеп вальсін билеп, бітірушілердің хоры орындалып, мектебімен, ұстаздарымен қоштасып, үлкен өмірге қадам басты. Биыл біздің 59 мектеп-гимназиясын 59 түлек бітіріп отыр. 11 «А» сыныбында 22 оқушы. 4 «Алтын белгі», 4 Үздік аттестат иегерлері бар. Жетекшісі – Латипова Майрагүл Кәрімғажықызы. 11 «Ә» сыныбын 20 оқушы, 2 «Алтын белгі», 1 Үздік аттестат иегері бар. Жетекшісі: Жанбосынова Лиза Тәңірбергенқызы. 11 «Б» сыныбын 17 оқушы бітіріп отыр. 1 «Алтын белгі». 2 Үздік аттестат. Жетекшісі: Байтанова Мервет Нұралбайқызы. Мектеп бітіру салтанаты – бұл кәсіби білім алу мен жастардың үлкен өмірге көшу жолындағы маңызды оқиға. Осы бір кешті балалардың көңілінде қалатындай етіп өткізу бұл да бір маңызды міндеттердің бірі десек болады Сондықтан да мектеп әкімшілігі мен мұғалімдері, жетекші ұстаздары жұмыла кірісетіндігі анық. Тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Кыпшакова Дариха іс-шараны ойдағыдай жүргізіп, барынша көңілді әсер қалдыруға тырысып бақты. Мектеп басшысы Қасымова Айжан Тойбекқызы жас түлектерге ізгі тілегін айтып, ата-аналарға, мұғалімдерге ризашылық сезімін білдірді. Оқу жөніндегі орынбасары Асан Ержанұлы мектеп бітіргендігі туралы бұйрықты оқып, түлектерге сәттілік тіледі. Сынып жетекшілері мен ата-аналар да сөз кезегі келгенде алғыстарын, жақсы тілектерін білдіріп жатты. Мектебіміздің өнерпаз оқушылары ағылшынша, қазақша әндерін айтып, салтанатты жиынның әсерін арттырды. Жалпы аттестат тапсыру салтанатты жиыны жоғары деңгейде өтіп, түлектердің де, келген ата-аналардың да көңілінен шықты. Осылайша «Мектебің мынау, класың, Осында он жыл тұрасың» демекші, кеше ғана тұлымдары желбіреп, жүректері лүпілдеп, мектеп табалдырығын имене аттаған ұл-қыздарымыз бүгін ойы толып, бойы өсіп, алтын ұя мектебімен мәңгіге қоштасты.



