Алматы қаласы Білім басқармасының
«№59 мектеп-гимназия»
коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Қабылдау бөлімі :
+7(727) 351-66-02
Есепші бөлімі:
+7(727) 351-66-02
eOtinish.kz
Нашар көрушілер
нұсқасы
» » » 9-СЫНЫПТАРҒА АРНАЛҒАН САЛТАНАТТЫ КЕШ ӨТТІ.
14
июнь
2022

9-СЫНЫПТАРҒА АРНАЛҒАН САЛТАНАТТЫ КЕШ ӨТТІ.

«Армысыздар, құрметті ұстаздар, ата-аналар және оқушылар! Міне, алтын ұя мектебіміз тағы да бір салтанатты жиынға сап түзеді. Бұл жиын негізгі мектеп бітіруші 9-сыныптарға арналады» деп, осындай әдемі сөздермен бастаған мектебіміздің директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Кыпшакова Дариха салтанатты жиын барысын жоғары көңіл-күйде жүргізіп, негізгі мектеп бітірушілер үшін есте қаларлықтай сәт сыйлай білді. Иә, шынында да бүгін 9-сыныптар үшін есте қаларлықтай күн болды. Негізгі мектепті бітіріп, қолдарына аттестаттарын алып, өмірдің келесі сатысына қадам басса, енді бір бөлігі сыныптан сыныпқа көшті. Біздің кәсіби ұстаздарымыз Арзикулова Гүлмира, Ахметова Хабира, Егеубаева Камшат, Тұрсынбай Гүлзат 9-сыныптарға бірнеше жыл жетекшілік етіп, білімдерін ұштап, ата-аналарымен жылы қарым-қатынас орната алды, әріптестерімен бірлікте жұмыс істей де білді. Сөз кезегі келгенде жетекшілері ата-аналарға шын алғысын айтып, осындай тәлім-тәрбиесі мол оқушыларымен мақтан ететіндігін, қуанатындығын жасырмады. «Тәрбиенің көп үлесі жетекшіге жатады, Оғаш қылық бола қалса, жетекшіге батады» демекші, біздің ұстаздарымыз өз міндеттерін үлкен абыроймен атқара алғандығын айта кету керек. Жиын барысында өнерпаз оқушыларымыз, халықаралық, республикалық байқаулардың жеңімпаздары Жолдас Дінмұхамед, Капсаламатова Әйгерім, Умирзаков Жандос ағылшынша, қазақша әндерін орындап, кеш барысын қыздырып отырды. Директордың оқу жөніндегі орынбасары Торғанбеков Асан Ержанұлы директордың құттықтау сөзін жеткізіп, мектеп бітіру туралы бұйрықты оқып, оқушыларға жетекшілерімен бірге аттестаттарын салтанатты түрде табыс етті. Ата-аналар ортаға шығып, ізгі тілектерін айтып, ақ баталарын берді. Осылайша бір деммен, ерекше леппен өткен бүгінгі салтанатты жиын жиналғандарға айырықша көңіл-күй сыйлап, «Ұстаз біткен тілейді ақтарылып, Тек сәттілік елімнің ертеңіне» деген өлең жолдарымен аяқталды.