ӨНЕР ҚАЙРАТКЕРЛЕРІМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ » 59 мектеп-гимназия
Алматы қаласы Білім басқармасының
«№59 мектеп-гимназия»
коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Қабылдау бөлімі :
+7(727) 351-66-02
Есепші бөлімі:
+7(727) 351-66-02
Нашар көрушілер
нұсқасы
» » ӨНЕР ҚАЙРАТКЕРЛЕРІМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ
05
май
2022

ӨНЕР ҚАЙРАТКЕРЛЕРІМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

    

            Бүгін мектебімізде Эстетика пәндер бірлестігінің онкүндігі аясында «Өнер әлеміне саяхат» атты Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университетінің оқытушыларымен кездесу өтті. «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші, аталмыш кездесу ауқымдылығымен, жаңаша ұйымдастырылуымен әрі оқушылар үшін де, мұғалімдер үшін пайдалылығымен ерекше болды. 

            Жалпы, №59 мектеп-гимназия – ауданда ғана емес, оңтүстік шаһарымыздағы ең үздік мектептердің қатарынан көрініп келе жатқан бірден-бір білім мекемесі. Оқушыларының олимпиада, ғылыми жоба, халықаралық жарыстарда үздік көрсеткіштермен бірге, өнерпаз шәкірттері өнер-шығармашылық бағыттарында қалалық, республикалық, халықаралық деңгейдегі сайыстарда биік нәтижелерге қол жеткізіп, көрермен көзайымына айналып келеді. 85 жылдық тарихы бар білім ошағы бұл күндері «киелі білім және өнер шаңырағына» айналып, шығармашыл, талантты жастардың артуына септігін тигізуде. Тәлімгер ұстаздары оқушылардың бойында Отан, атамекен деген киелі ұғымдардың мәнін түсіндіріп қана қоймай, ұлттық мәдениет пен төл өнерге деген қызығушылықтарын арттырып, асыл сезімдерін қалыптастыруға күш салып келеді. Эстетика пәндер бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен аталмыш кездесу осының айғағы деуге болады.

          Онкүндікке орай ұйымдастырылған кездесуге Мәдениет қайраткері, қолөнер шебері Тұрдығұлов Жолаушы Әбілғазыұлы, ұлттық университеттің аға оқытушысы керамика саласының шебері Манасов Бағыбек, профессор, Суретшілер одағының мүшесі Жаманқараев Серғазы Құсайынұлы, «Қоңыр» тобының әншісі Әбдікәрімова Гүлзат Мейрамбекқызы, музыка маманы, профессор Ибраева Қамарсұлу Ершатовна, көркем тоқыма шебері Ермаханбетова Ақмарал, сән дизайнері, магистр Арыстанова Гүлнұр қатысып, оқушылармен мәнді де мағыналы кездесуге ұйытқы болды. Әлемге танымал қолөнер шебері Жолаушы Әбілғазыұлы кездесуге шақырған мұғалімдерге ризашылық сезімдерін білдіріп, жастарды ұлттық құндылықтарды құрметтеуге шақырды. Сән дизайнының маманы Арыстанова Гүлнұр қызықты презентациялар көрсетті. Суретшы Серғазы Құсайынұлы сурет салудағы әдіс-тәсілдерімен бөлісті. Тоқыма, керамика бойынша қызықты мастер-кластар өткізілді. Әнші Гүлзат Мейрамбекқызы пианиноның сүйемелдеуімен «Бір бала» мен Абайдың «Желсіз түнде жарық айын» орындап, кездесудің шырайын арттырды.   

Кеш барысында мектебіміздің өнерпаз жастары шет елдік және халық әндерін орындап, келген қонақтарды риза етсе, Бұлбұлқұс Әбілғазықызының қарамағындағы домбырашылар тобы «Адай» күйін орындап, көрермендердің қошеметіне бөленді. 

Мектеп басшысы Қасымова Айжан Тойбекқызы сөз басында және қорытынды бөлімінде қонақтарға алғысын білдіріп, қол өнер мен ұлттық құндылықтарды танытудағы ізгі істеріне сәттілік тіледі. Жоғары оқу орындары мен мектеп арасында тұрақты байланыс орнатсақ деген ниетін де білдірді. 

        Аталмыш ізгі шараны ұйымдастырған Эстетика пәндер бірлестігіне, әсіресе, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Кыпшакова Дариха апайға, музыка пәні мұғалімі Атантаева Бұлбұлқұс Әбілғазықызына және бірлестік жетекшісі, сурет пәнінің мұғалімі Ұзақбаева Айгүл Тілектесқызына ризашылығын білдірді.