КЕШЕ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТАМЫЗ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ ӨТТІ. » 59 мектеп-гимназия
Алматы қаласы Білім басқармасының
«№59 мектеп-гимназия»
коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Қабылдау бөлімі :
+7(727) 351-66-02
Есепші бөлімі:
+7(727) 351-66-02
Нашар көрушілер
нұсқасы
» » КЕШЕ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТАМЫЗ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ ӨТТІ.
26
август
2023

КЕШЕ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТАМЫЗ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ ӨТТІ.

    «Әділетті Қазақстан: сапалы білім, адал ұрпақ, табысты ұлт» деген тақырыппен кеше Республика сарайында дәстүрлі Тамыз конференциясы өтті. Жаңа форматта, бірыңғай панельдік сессияда, яғни, жоғары қызметтегі спикерлерге сөз беріле өткен конференцияға 20 мыңнан астам мұғалімдер қатысып, келелі жиынның куәсі болды. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев конференцияны ашып, барша мұғалімдерді алдағы жаңа оқу жылымен құттықтап өтсе, Президенттің құттықтау сөзін Еңбек министрі Тамара Дүйсенова (онлайн) жеткізді. Жалпы аталмыш конференцияда көптеген мәселелер ортаға салынып, білім саласындағы өзекті дүниелер бір жақты шешімін тапты. 

    Атап өтер болсақ, оқу жылы 34 аптаға қысқарып, 25 мамырда аяқталатын болды. Білім саласына 4,5 трлн (10 млрд доллар) теңге бөлінбек. 30 жылдан астам еңбек еткендерге «Еңбек ардагері» медалі табыс етіледі. Мұғалімдер ендігі сәтте тестті тек өз пәндерінен тапсыратын болады. Педагогтар «Болашақ» бағдарламасы арқылы 3-6 айға шетелге тәжірибе жетілдіруге барып тұрады. Республикалық «Ардагерлер кеңесі» құрылып, оған Жақсылық Күлекеев басшылық жасайды. Алдағы уақытта 332 жаңа мектеп ашылады деп жоспарлануда. Оқулықтың 80 пайызы сандық форматқа ауыстырылады (не ауыстырылып қойды). «Балалар кітапханасы» жобасы жүзеге аспақ.  Тоғызқұмалақ секілді ұлттық спорт түрлеріне басымдық берілмек. Білім беру мекемелеріндегі қауіпсіздік іс-шаралары мен жастар арасындағы суицид мәселесін алдын-алу жұмыстары күшейтіле беретін болады. Кәсіптік және техникалық колледж студенттеріне бір мамандық аясында 3 біліктілік алуға мүмкіндік беріледі. Еліміздегі 498 кәсіпорын оқу орындарымен тығыз байланыста жұмыс істеп, маман даярлауға атсалысады. Еліміздегі жетім балалар үйіндегі тәрбиеленушілердің 80 пайызы үйлерде тәрбиеленуде. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады береді. 

    Алматы қаласының әкімі сөз кезегінде атқарылып жатқан оң жұмыстарын ортаға салып, алдағы 2-3 жылда 22 мектеп бой көтеретіндігін айтып кетті. Жыл сайын 70мыңға көбейіп отыратын Алматы секілді мегаполисте бұл бағытта көптеген игілікті іс-шаралар жасалып жатқанын, бастауыш сыныптар мен әлеуметтік жағдайы төмен отбасы балаларына тегін тамақпен қамтамасыз ету, кейбір аумақтарда балаларды мектепке жеткізу үшін автобус қарастырылғандығын да тілге тиек етті. 

    Сонымен қатар балалардың әл-ауқат индексі (индекс благополучия) жобасы бүгінде табысты жұмыс жасауда. Бұл қазақстандық балалардың саулығын, отбасындағы жағдайын, әр өңірдегі хал-ахуалдарын бақылап, соған байланысты мониторинг жасап отыратын бірден-бір жоба. Амандық, саулық индексі бойынша қазіргі уақытта 100 балдың 55 балын көрсетіп отыр. Бұл туралы аталмыш жобаға жауапты Насымжан Оспанова айтып кетті. 

   Мектептердегі тамақтану мәселесі және сапасы туралы көп сөз болды. Төрегелді Шармановтың ұлы Алмаз Шарман бұл тақырыпқа айырықша көңіл бөліп, аталмыш іске диетологтар мен химико-технологтарды көбірек тарту керектігін айтып өтті. Кейбір мектептерде пилоттық жоба бойынша айран-сүт пен ұлттық тағамдарды менюларға көбірек қосып, осылардың нәтижесіне қарай кейінірек жалпы мектептердің тағамдарына қосу мәселесін сөз етті. Балаларға дұрыс тамақтану дағдыларын үйрету арқылы біз дені сау ұрпақ қалыптастыра аламыз деген сөздермен қорытындылады. 

    Сингапурлық қонағымыз Ган Чин ағылшын тілінде біраз сөз сөйлеп еді, бірақ аудармасы болмағандықтан түсіне алмадық. 

    Модератор Маулешева Алия Андрьевна соңына таман Петербургтан келген қонақ Самарина Лариса Витальевна мен ЮНИСЕФ қорының жетекшісі Жүсіпов Бауыржан Сәбитұлына сөз беріп, бүгінгі жиынды түйіндеді. Соңында Шерхан Арыстан, Мейри кз, Квартет Илканта секілді өнерпаз жастар әндерін орындап, жиналған көрермендерді бір серпітіп тастаса, бұндай келелі конференциялардың сәнін арттырып жүретін Роза ханым Рымбаева «Ертеңіме сенемін» деген баласы Әлидің жазған әнін орындап, барша мұғалімдерді қуантып тастады. 

    Міне, осылайша биылғы Тамыз конференциясында бірқатар тақырыптар қозғалып, қоғам талқысында жүрген мәселелер біржақты шешімдерін тауып жатты. Енді алдағы оқу жылы мен жоспарлар, және бағдарламалар осы шешімдерге байланысты құрылып,  мұғалімдер өз жұмыстарына кірісетін болады. Лайым жақсы жаңалықтар бола берсін деген тілектеміз.