ТҮРГЕН ШАТҚАЛЫНА САЯХАТ » 59 мектеп-гимназия
Алматы қаласы Білім басқармасының
«№59 мектеп-гимназия»
коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Қабылдау бөлімі :
+7(727) 351-66-02
Есепші бөлімі:
+7(727) 351-66-02
Нашар көрушілер
нұсқасы
» » ТҮРГЕН ШАТҚАЛЫНА САЯХАТ
30
апрель
2023

ТҮРГЕН ШАТҚАЛЫНА САЯХАТ

    Кеше мектебіміздің 7 «Г» сынып оқушылары Алматының ең көрікті жерлерінің бірі – Түрген шатқалына саяхаттап қайтты. Сынып жетекшісі Максимова Фарида Тохтахунқызы көктемнің ең бір сәтті күнін пайдаланып, оқушылардың басын қосып, 4-5 ата-ананы қасына ертіп, еліміздің ең көрікті жерлерінің бірін аралатып қайтты. Сыныптағы 25 бала түгел жиналып, жоғары бір көңіл-күймен, әндетіп, билеп, автобуспен «Түрген, қайдасың?» деп Есік қаласына қарай тартып кеткен еді. Сөйтіп кешке дейін қыдырып, Аюлы сарқырамасын көріп, топ-топпен суретке түсіп, тау-тасты аралап, өзен-суларын кешіп, дастархан жайып, барлық тәттілерін, тамақтарын ортаға қойып, бір керемет «Маевка» жасады. Көкпеңбек жазық далада, өзеннің жағасында асыр салып, волейбол, футбол ойнап, дискотека жасап, ерекше бір ғажап күйді бастан кешірді. Дәл сол күні Иманғали баламыздың туылған күні болып, барлық балалар оған тілектерін айтып, торт жеп, құттықтап жатты. Не керек, жалпы балалардың өміріндегі естен кетпес ерекше бір сәт болды. «Нағыз ұстаз балаға білімді беріп қана қоймайды, сонымен бірге қоршаған дүниемен таныстырып, табиғатты аялауға үйретеді. Бір-біріне деген достық пен сыйластықты, бірлік пен сенімді арттыру үшін басын қосып, сынып болып, қызықты жерлерді аралатады. Бұл болашақта олардың арасындағы нағыз достық сезімдерінің  қалыптасып қалуына үлкен әсер етеді» деп сынып жетекшісі ойымен бөлісіп, осындай саяхаттардың пайдасы туралы айтып жатты. Жалпы мереке алдындағы бұл саяхат көңілді өтіп, ата-аналар да риза болып, осындай игі істі ұйымдастырған апайларына алғыстарын білдірді. Сөйтіп 7 «Г» сыныбының оқушылары осындай бір қуанышқа толы керемет демалысты бастан кешірді.