БІЗДІҢ ОҚУШЫЛАР №1 БАЛАЛАР ҮЙІНДЕ » 59 мектеп-гимназия
Алматы қаласы Білім басқармасының
«№59 мектеп-гимназия»
коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Қабылдау бөлімі :
+7(727) 351-66-02
Есепші бөлімі:
+7(727) 351-66-02
Нашар көрушілер
нұсқасы
» » БІЗДІҢ ОҚУШЫЛАР №1 БАЛАЛАР ҮЙІНДЕ
24
март
2023

БІЗДІҢ ОҚУШЫЛАР №1 БАЛАЛАР ҮЙІНДЕ

     Бүгін біздің мектебіміздің 6 «В» және 6 «Г» сынып оқушылары, «Жас Ұлан» ұйымының мүшелері Алматы қаласындағы №1 Балалар үйіне барып қайтты. Көктемгі демалыс күнін пайдалы етіп өткізу, әрі ата-аналарының қамқорынсыз қалған жетім балалардың көңілін аулап, Наурыз мерекесімен құттықтап шығуды, сондай-ақ қазақ әдебиеті сабағында өтіп жатқан Оралхан Бөкейдің "Тортай мінер ақ боз ат" пен Сайын Мұратбековтың "Жусан иісі" шығармаларындағы жетім балалардың өмірі мен тағдырын оқып қана қоймай, сонымен бірге сезініп, ата-анасының қамқорынсыз қалған балаларды көріп, танысып қайтуды мақсат еткен бұл сапар барысында біздің оқушылар Бағанашыл мөлтекауданында орналасқан Балалар үйінде болып, сол жердегі балалармен кездесіп, әсерлі кездесудің ұйытқысы болды. Бұл Балалар үйінде 7 топ болса, біздің оқушылар «Родник» деген тобында болып, (тәрбиешілері: Мешітбаева А.Е., Лабозанова Н.А.) өздеріндей қатарлас Вера, Витя, Руслан, Алена, Людмила, Рая, Марина, Алина және тағы басқа әртүрлі ұлт өкілдерінен құралған тәрбиеленушілермен танысып, өзара әңгімелесіп, дайындап келген өлең-тақпақтарын айтып, бар өнерлерін ортаға салды. Балалар үйіндегі тәрбиеленушілер де түгелге жуық қазақшаға жетік, ұлттық салт-дәстүрлерді жақсы білетіндіктерін көрсетіп, тақпақтарын айтып, бізді аздап болса да таң қалдырып отырды. Бір-бірімен танысып, өлең-жырларын айтқаннан кейін оқушыларымыз өздерінің сый-сыяпаттарын беріп, әріптесіміз Медет ағайдың үйден пісіріп әкелген бауырсақтарынан ауыз тигізіп болған соң, бізді сол Балалар үйінің ішін аралатып, жатын және оқу бөлмелерін көрсетіп, соңына таман сол жерде болып жатқан «Жігіт сұлтаны» конкурсын тамашалап кетіңдер деген өтініш-тілектерін білдірді. Сөйтіп біздің оқушылар бұл мекеменің балаларымен танысып қана қоймай, керемет, түгелге жуық қазақша өтіп жатқан іс-шараның көрермені де болып қайтты. Соңында бір-бірімен қоштасып, Марина деген қыз сол балалар үйінің тәрбиеленушілері атынан біздің келгенімізге ризашылық сезімін айтып, баршамызға алғысын білдірді. Біз де өз кезегімізде біздің №59 мектеп-гимназиямызға қонақ болып кетіңдер деген тілегімізді айтып, есткелікке суреттерге түсіп, қоштасып жаттық. Осылайша бүгінгі қасиетті жұма күні, ораза айында біздің оқушыларымыз осындай бір сауапты іске барып, жетім балалардың көңілін көтеріп, естен кетпес әсерлерге бөленді. Оқушыларды балалар үйіне апарып, осындай көңілді кездесуге ұйытқы болғандар- қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Ерсариев Медет Ермағанбетұлы және қазақ тілі мұғалімі, мектеп тәлімгері Едігетегі Қанат Әбдіманапұлы.