Алматы қаласы Білім басқармасының
«№59 мектеп-гимназия»
коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Қабылдау бөлімі :
+7(727) 351-66-02
Есепші бөлімі:
+7(727) 351-66-02
eOtinish.kz
Нашар көрушілер
нұсқасы
» » » «БҰЛ МЕКТЕП МЕНІҢ ЖҮРЕГІМ БОЛЫП ҚАЛА БЕРЕДІ».
18
октябрь
2022

«БҰЛ МЕКТЕП МЕНІҢ ЖҮРЕГІМ БОЛЫП ҚАЛА БЕРЕДІ».

         Бүгін қасиетті қара шаңырақ- №59 мектеп-гимназиямызға қарт ұстаз, 1977-1982 жылдар аралығында мектебімізге басшылық қызмет жасаған еңбек ардагері Сұлтанғалиев Қадырғали Аманғалиұлы арнайы шақырылып, ұстаздар мен оқушылармен мәнді де мағыналы кездесу ұйымдастырылды. Жасы 94-ке келген қарт ұстаз елу жылдан астам білім беру саласында өнімді еңбек етіп, №59 мектеп, №8 интернат, Түрксіб аудандық білім бөлімінде және басқа да білім мекемелерінде басшылық және ұстаздық қызмет жасап, белсенді өмір жолын ұстанып келген қонағымыз біршама жасқа келсе де қоғамдық жұмыстарға араласатынын айтып, мектеп оқушыларымен қызықты кездесудің өтуіне ұйытқы болды. Мектебімізге еңбегі сіңген қонағымызға лайықты құрмет көрсету үшін арнайы ұйымдастырылған концерт қойылып, кездесудің жоғары деңгейде өтуіне барынша күш салынды.  Атантаева Бұлбұлқұс Әбілғазықызының «Домбырашылар тобы» «Адай» мен «Балбырауын» күйімен ашып, кездесудің басын жақсы көңіл-күймен бастап берген кешті мектебіміздің белсенді жастары Базарова Дана мен Жапархан Ерасыл жүргізіп, жоғары деңгейде атқарып отырды. Әнші балаларымыз Умирзаков Жандос пен Қанағат Інжу «Өлмейтіндер» мен «Жұлдызым» секілді әндерін орындап, кештің әсерін арттыра түсті. Ерсариев Медет Ермағанбетұлының оқушылары өлең-тақпақтарын оқып, білімдерін ортаға салды. Қонаққа сұрақтар қойылып, естеліктері мен ақыл-кеңестері тыңдалды. Кештің соңында қадірлі қонаққа мектеп әкімшілігі тарапынан шапан жауып, құрмет көрсетілді. Арнайы жайылған дастарханнан дәм татқызды. 85 жылдық тарихы бар мектепті аралатып, мұражайды көрсетіп, бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысқан қарт қонағымыз мектептің жеткен жетістіктеріне дән риза болып, шын алғысын білдірді. «Бұл мектеп менің жүрегім болып қала береді» деп үлкен құрмет көрсеткен барша ұстаздарға рахметін айтып, ақ батасын берді. 

Өз тарапымыздан бүгінгі кездесудің жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан Рақымбекова Нұршат апайымыз бастаған тарихшы мұғалімдерге, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Кыпшакова Дариха апайға, мектеп директоры Қасымова Айжан Тойбекқызына, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Ерсариев Медет Ермағанбетұлына және тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Әлімжан Дархан Мұхитұлына үлкен алғыс айтамыз. Береке-бірлікпен басталған іс әрқашанда нәтиже мен табысқа бастайтындығына бүгінгі кездесу барысында тағы бір мәрте куә болғандығымызды айта кетсек дейміз. Ал қарт қонағымызға шығарып салар алдында зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, әлі талай кездесуде бас қосуды құдай нәсіп етсін деп тілектестік білдірдік.