ТӘУЕЛСІЗДІК КҮНІНЕ АРНАЛҒАН ІС-ШАРА ӨТТІ.
Бүгін №1 ші аудандық балалар мен жасөспірімдерге арналған кітапханада мектебіміздің 9-сынып оқушыларының қатысуымен Тәуелсіздік күніне арналған іс-шара өткізілді. Мектеп кітапханашысы Кабытаева Назира Ажибаевна мен аудандық кітапхана қызметкерлерінің ұйымдастырылуымен өткізілген игілікті шара балалардың бойында өз Отанына деген сүйіспеншілік пен мақтаныш сезімдерін қалыптастырумен бірге кітапхана секілді рухани-мәдени мекеменің тыныс-тіршілігімен, жаңа кітаптар мен басылымдармен таныстыруды, кітап оқуға деген құштарлықты оятуды мақсат етті. Шара барысында оқушылар Отан, туған жер, атамекен секілді тақырыптарда өз өлең шумақтарын оқып, Қазақстан туралы ой-пікірлерін айтып, викториналық ойындарға белсене қатысып отырды. Сұранысқа ие болып жатқан басылымдар туралы сұрап, қандай кітаптар оқуға болатындығы жайлы кеңестер алды. Соңында белсене қатысқан оқушыларға сыйлықтар беріліп, алдағы уақытта осындай игілікті іс-шаралар жиі ұйымдастырылып тұратындығы айтылды.
Жалпы Тәуелсіздік күніне арналған аталмыш шара оқушылардың көңілінен шығып, білім-білігі мен танымын біршама көтеріп қайтты. Осындай пайдалы шараға қатысуына ұйытқы болған мектеп кітапханашысы Назира Ажибаевнаға алғыс сезімімізді білдіре отырып, игілікті жұмыстардың жалғаса беруін тілейміз.