АЛМА-АРАСАНДАҒЫ ДЕМАЛЫС
Белсенді болу, әрдайым биік мақсаттарға ұмтылу, жұмысты жаныңды сала отырып істеу қаншалықты маңызды болса, әдемі демала білу, табиғат аясына шығып сауық құру, серуендеу, көңілді отырыстарға орын беру бұл да керек іс деп түсіну керек. Серуен құру жанға, тәнге, көңіл-күйге игі әсер етіп, жұмысқа деген қабілетін арттыра түспесе, кері әсер етпейтіні анық. Міне, біздің №59 мектеп-гимназия ұжымы осы мәселелерді ескеріп, «Ұстаздар күні» мерекесінде табиғат аясына шығып, төл мерекесін таза ауада, Алматының ең бір көрікті жерінде атап өтуге ниет білдірген еді. Сөйтіп қазанның бірінде ұжым болып Алма-Арасанда демалып қайтқан едік. Киіз үй, самаурында қайнап жатқан шай, үлкен қазанда бұрқырап қуырылып жатқан қуырдақ, дімбіләмә, ер жігіттердің барбекью, кәуаптары – тура ауылдың тіршілігін, рахат өмірін көз алдыңа алып келгендей болды. Медет ағайдың әдемі музыкалары, Қара жорғасы... әлгі Төлеген Айбергеновтың «Жиырма бестің бәрін де сабылдыртам, Кемпірлерге қыз күнін сағындыртам» дегендей бәрін билетпеске амал қалдырмады. Иә, бұл күн керемет өтті. Ұмытылмастай есте қалды. Әсіресе осындай мерекелік кешті ұйымдастырған бастауыш сынып мұғалімдеріне деген ризашылық сезімдеріміз үлкен. Басынан аяғына шейін тік тұрып қызмет жасап, ортаға шығарып, билетіп, әндеткізіп, тілектерін айтқызып, әртүрлі ойындар ұйымдастырып, жоғары деңгейде міндеттерін атқарып шықты. Берекелі ұжым, бірлігі жарасқан орта осындай болуы керекті деп ойлаймыз. Мереке тағы да құтты болсын дейміз барша әріптестерге. Ел үшін, жас ұрпақ үшін атқарып жатқан еңбектеріміз табысты, жемісті болсын деп тілектестік білдіреміз.